Жүктелуде...
 

Балалармен коронавирус жайлы қалай сөйлесу керек?

Қазірде көптеген балалар ата-аналарынан оларға неге мектепке баруға рұқсат етілмей жатқандығын, достарымен және сыныптастарымен неліктен араласуға болмайтынын сұрауда. Олар коронавирус және карантин туралы, бізді не күтіп тұрғанын және бұл қаншалықты қауіпті екенін сұрастыруы мүмкін. Балаларға ертеңгі күнге нақтылық, сенімділік сезімі маңызды және орын алған жағдай жайында ата-аналарынан естігісі келеді.

Балалармен коронавирус жайлы қалай сөйлесу керек?

translator жұма сәуір 17, 2020


Разговор с детьми о коронавирусе

Мені кішкентай Нұрисламның видеосы қатты толғандырды, ол карантин кезде мектепті сағынып жүргенін әсерлі түрде көпшілікке жеткізген болатын. Қазірде көптеген балалар ата-аналарынан оларға неге мектепке баруға рұқсат етілмей жатқандығын, достарымен және сыныптастарымен неліктен араласуға болмайтынын сұрауда. Олар коронавирус және карантин туралы, бізді не күтіп тұрғанын және бұл қаншалықты қауіпті екенін сұрастыруы мүмкін.

Балаларға ертеңгі күнге нақтылық, сенімділік сезімі маңызды және орын алған жағдай жайлы ата-аналарынан естігісі келеді.

Әрине, балалармен әңгіме барысында оларды шошытпау маңызды, бірақ та сонымен бірге олардың гигиена ережелерін сақтаудың маңыздылығын, құрдастарымен не үшін қарым-қатынасты уақытша доғара тұру керектігін ұғындыру қажет. Бұл үшін балалардың күрделі сұрақтарына қорқыныш пен үрей туғызбай отырып, парасатты жауап беруге тырысу керек.

Ең алдымен, сіздің балаңыз қазіргі жағдай туралы не білетінін анықтап алған жөн. Әңгімені ол коронавирус жайында естіді ме, ол туралы не біледі екен, содан бастауға болады. Егер балаңыз эпидемия жайлы әлі күнге естімеген болса, онда бұл тақырыпты мүлдем талқыламаған дұрыс. Мұнымыз бос уайымға жол бермеуге мүмкіндік береді.

Әрине, жағдай мүлдем әртүрлі болуы мүмкін. Егер балалар қазіргі эпидемия – бұл жай қарапайым тұмау деп айтса бір бөлек. Ал егер олар коронавирустан әлемде көптеген адамдар қаза болғанын естіген болса, бұл бөлек әңгіме.

Балалардың үрейіне немқұрайлы қарамау керек. Егер сіздің балаңыз біреуден індеттен көз жұмуы мүмкін екенін естіген болса, онда бұл алаңдаушылық тудырады, оған аса байыппен қараған абзал.

Бұл ретте оған «бәрі жақсы болады» деп айту жеткіліксіз. Бала сізді естімеуі мүмкін. Маңыздысы, оның не сезініп жатқандығын түсініп, жұбатуыңыз. Бала өзіне келгенде ақырын коронавирус жайлы жан-жақты әңгіме жүргізуге болады.

Мысалы, вирус дегеніміз не, оларды қалай ажыратуға болады деген талқылаудан бастауға болады. Кейбір вирустар іштің ауруын шақырса, басқалары жөтелмен бірге суық тиюге әкеледі, ал коронавирус – бұл қарапайым суық тиюден бөлек ерекше ауру туғызатын вирустың жаңа түрі.

Дәрігерлер адамдардың індетке шалдықпауы үшін және ауырғандарға көмектесіп, қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Сондай-ақ, бұған ғалымдар да атсалысуда. Бұл ақылды кісілер біздің барлығымыздың қауіпсіздігіміз бен саулығымыз үшін белсене жұмыс істеуде.

Мектептердің жабылуына байланысты балаларға келесідей айтуға болады: «Қазір айналада түрлі микробтар қаптап жүр. Олар мектептерде де көптеп жүр, сендер сабаққа қайта оралғанша бәрін тазалап шығу керек болады».

Осының бәрін балаға жылы шыраймен әрі позитивті түрде жеткізуге тырысу керек. Мысалы, «басқа жерде бір нәрселерден қорқып, үрейленіп жүргенше, үйде болып, уақытты бірге өткізгеніміз жақсы емес пе» деген сияқты.

Балалар тура және түсінікті тілмен айтылған қарапайым фактілерді жақсы қабылдайды. Сондай-ақ,олар ата-аналары кез келген уақытта қолдап, әрдайым олардың жанында табылатынына сенімді болуы тиіс. Бұл үшін бір ғана әңгімелесу жеткіліксіз болуы мүмкін.

Балалармен сөйлесе отырып, ең алдымен өзіңіз алаңдауыңызды доғарып, мазасыз еместігіңізге көз жеткізгеніңіз абзал. Балалар сізден әлемдегі болып жатқан жағдай қауіпті екенін түсініп, белгісіздікті сезбеуі керек.

Үйде балалармен бірге карантин кезінде әдеттегі кестені барынша ұстаған жөн. Сарапшылар карантин кезінде балалардың өздерінің ойлары мен сезімдерін жазып, суреттей алатын өзіндік бір күделік жүргізуге ұсынады. Бұл оларға қорқыныш пен жағымсыз сезімдерін жеңілдетіп, бос уақыттарын тиімді өткізуге септігін тигізуі мүмкін.

Кешкі уақытта ұйықтар алдында балаларды интернеттен немесе теледидардағы жаңалықтардан шектеу керек. Дұрысы, бірігіп кітап оқу, музыка тыңдау немесе үстел ойындарын ойнау, мозайка құрастыру сияқты жан тыныштандыратын, жағымды істермен айналысу. Мұндай істерді олармен ұйықтар алдында жарты сағат бұрын айналысқан жөн болады. Бала тынышталып, жақындарының жанында өзін жайлы сезініп, бірте-бірте ұйқыға қалғып-ақ кетеді.

Балалардың ұйқыларының тынық болғаны және де ертеңінде физикалық белсенді болғандары өте маңызды.

Балалармен бірге өткізілген уақыт сізді қатты шаршатпай, тек қуаныш әкелуін тілеймін. Барлығы да жақсы болғай.

Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!


Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.