Жүктелуде...
 

Пандемия кезінде қалайша экономиканы жұмылдырып, денсаулық сақтауды жетілдіреміз

Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп отыр. Онымен күресу қоғамдық денсаулық болашағына айтарлықтай инвестиция мен арнайы шешімдерді қажет етеді. Сонымен бірге, қазіргі жағдай ескірген стереотиптерден бас тартуға және денсаулық сақтаудың жаңа парадигмасын жүзеге асырудың ерекше мүмкіндігі болып табылады.

Пандемия кезінде қалайша экономиканы жұмылдырып, денсаулық сақтауды жетілдіреміз

translator Сейсенбі шілде 7, 2020


Image

Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп отыр. Онымен күресу қоғамдық денсаулық болашағына айтарлықтай инвестиция мен арнайы шешімдерді қажет етеді. Сонымен бірге, қазіргі жағдай ескірген стереотиптерден бас тартуға және денсаулық сақтаудың жаңа парадигмасын жүзеге асырудың ерекше мүмкіндігі болып табылады.

Бұған дейін мен Гарвард эпидемиологы Стивен Кисслердің әріптестерімен бірге жасаған COVID-19 пандемиясының толқын тәрізді даму моделі туралы жазған болатынмын. Аталмыш модель 55 пайыз ұжымдық иммунитетке қол жеткізген кезде эпидемияның таралуының тоқтауын қарастырады. Ал бұл 2022 жылдың күзінен ерте бола қоймас. Көптеген сарапшылар биылғы күзде коронавирустық індеттің жаңа толқынын болжап отыр, сондай-ақ болашақта індеттің таралуы вирустың одан да агрессивті түрлерін туындатуы мүмкін.

Вакциналар және тиімді дәрілер болмаған жағдайда, карантин вирустың алдын алудың бірден-бір тиімді шарасы болып қала бермек. Жақында Nature атты беделді ғылыми журналда екі мақала жарияланған болатын, онда карантиннің және коронавирустық эпидемияға қарсы тұрудың басқа да шектеу шараларының тиімділігі айқын көрсетілген. Бұл шаралар қазірдің өзінде миллиондаған адамдамдың өмірін сақтап қалуға септік етті.

Мәселен, Еуропаның 11 елінде орын алған эпидемияға қарасты талдаулар көрсеткендей, карантинсіз коронавирустық инфекция 3 миллионнан аса еуропалықтардың өмірін қиюы мүмкін еді. Екінші зерттеуде Қытай, Иран, Оңтүстік Корея, Франция және АҚШ мемлекеттерінде жүргізілген шектеу шараларының арқасында 62 миллион адамның вирустан аман қалғаны белгілі болды.

Мұндай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгеннен соң, көптеген елдер шектеу шараларын жеңілдете бастады. Алайда, дәрігерлерді мерзімнен бұрын жасалған шешімдер қатты алаңдатады. Мысалы, күннің жылынуымен бірге коронавирустық эпидемия бәсеңдейді деген үмітіміз де ақталмады. Әлеуметтік қашықтық және жеке қорғану шараларын сақтамаған жағдайда шектеулердің жеңілдетуі сөзсіз індеттің өршуіне әкеледі.

Елімізде мұның нәтижелері ұзақ күттірмеді – соңғы аптада коронавирусты жұқтырғандардың саны күрт өсіп, коронавирустан өлім-жітім күннен-күнге артып келеді. Көптеген адамдарда ауру симптомсыз немесе жеңіл көріністермен өтеді. Алайда, пневмониямен және госпитализация мен қарқынды терапияны талап ететін басқа да көріністермен коронавирустық инфекцияның ауыр жағдайлары санының күрт артуы үлкен алаңдаушылық тудырады.

Ауру дендеп барады, күн санап науқастар саны көбейіп жатыр. Ақыр соңында көптеген адамдар коронавирустың ойдан шығарылмағанын, шындық екенін түсінгендей. Еліміздің бірқатар қалаларышектеу шараларын тағы да күшейтуге мәжбүр болды.

Жаппай карантинді енгізу көптеген келеңсіз нәтижелерге, экономикалық, әлеуметтік және психологиялық жағдайға әкеп соқтыратыны белгілі. Сондықтан да эпидемияға қарсы балама шешімдер қажет. Олар азаматтарға белгісіздікті жеңуге, алға жоспар құруға, болашаққа оптимистік көзқараспен қарауға көмектесетін әлеуметтік-экономикалық өмірді кезең-кезеңімен қалпына келтіруді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар болуы керек.

Әңгіме бұл жерде ТБО қысқартылған атаумен белгілеуге болатын шаралар туралы айтылып отыр:

Т: Коронавирусты жұқтырған адамдарды, сондай-ақ олармен байланыста болғандарды дер кезінде анықтауға және оқшаулауға арналған кең ауқымды тестілеу;

Б: Кәсіби эпидемиологтар бірлестігін құру арқылы байланысушы тұлғаларды анықтаудың тиімді процесін жақсарту;

О: Негізделген өзін-өзі оқшаулау қағидасы бойынша вирус жұқтырған адамдарды сенімді оңашалану үшін жағдай жасау.

Бұл шаралар инфекцияны және сырқаттанушылықты бақылаудың негізгі құралы ретінде жалпы карантинді ауыстыруға, сонымен бірге кезең-кезеңімен экономиканы секторалдық жұмылдыруды жүзеге асыруға арналған. Біз алдын алу талаптарын қатаң сақтай отырып, кейіннен шектеу шараларын жеңілдету және экономикаға қосымша еңбек ресурстарын тарту арқылы экономиканың өмірлік маңызды салаларын бастапқы тұрақтандыруды айтып отырмыз. Бұл кезеңдегі процесстің түпкі нәтижесі эпидемиялық катаклизмдерге төзімді экономиканы толық жұмылдыру болуы керек.

Қоғамдық денсаулық сақтауды модернизациялау және экономиканы секторалдық жұмылдыруға дайын болуын 2020 жылдың қазан айының ортасына дейін қамтамасыз ету маңызды болмақ, өйткені бұл мерзімде коронавирустық эпидемияның екінші толқыны күтілуде. Алға қойылған міндеттерді іске асыруда эпидемияға қарасты сараланған көзқарстың болуы және эпидемияға қарсы іс-шаралардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жұмылдырылуы маңызды болмақ.

ЭПИДЕМИЯҒА ҚАРАСТЫ САРАЛАНҒАН КӨЗҚАРАСТЫҢ БОЛУЫ

Пандемия кезіндегі 6 ай мерзімде коронавирус инфекциясының таралуына жүргізген талдау көрсеткендей, 80 пайызға коронавирустың таралуына жұқтырғандардың тек 9 пайызы жауапты көрінеді. Коронавирустық инфекцияның әр тасымалдаушысы орта есеппен 2-3 адамға жұқтырады (эпидемиология тілінде R0 репродукция көрсеткіші 2,5-ті құрайды)

Кафелерге, мейрамханаларға, мерейтойларға, жиналыстарға және басқа іс-шараларға барғаннан кейін, вирусты тасымалдаушылар инфекцияны ондаған, тіпті жүздеген адамдарға жұқтырады. Оларды «супер таратушылар» деп атайды. Қазіргі пандемия кезінде адамдар көп жиналатын орындарға бару өте қауіпті. Мұндай шаралар тұрғындар арасында коронавирустық инфекциянын таралу ошақтарына айналады.

Коронавирусты жұқтырған кез келген адам «супер таратушы» бола алады. Сонымен қатар, тіпті ауруды симптомсыз өткеретіндер де қауіп тудырады. Бұған дейінгі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) симптомсыз науқастар ерекше қауіп төндірмейді деген мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейді. Сонымен қатар, дені сау адамдарға маска тағу міндетті емес деген ДДСҰ-ның қорытындысы дұрыс болмады. Өкінішке орай, осындай біліксіз мәлімдемелерінен аталмыш халықаралық ұйым өздерінің беделін түсірді.

Неге маска тағу керек? Маска шынымен-ақ вирустың енуіне кедергі келтіреді. Ол қалай болады? Сіздің бөлмеңізге кіруді ойластырған маскүнемнің жолында тұрған бірнеше орындыққа сүрініп, құлап жатқанын елестетіп көріңізші. Бұл жағдайда вирус – жаңағы маскүнем, ал орындықтар – вирустың енуіне жол бермейтін бетперде талшықтары.

Коронавирус инфекциясы физика заңына, дәлірек айтқанда аэродинамикаға бағынады. Коронавирусты жұқтыру қаупі ағзаға енетін вирустық бөлшектердің мөлшеріне байланысты болады. Дәрігерлер мұны вирустық жүктеме деп атайды. Егер адам ауырып қалса, оның вирустық жүктемесі арта түсетіні белгілі. Ал, ол жөтелгенде одан 10 мыңға жуық вирустық бөлшектер бөлініп шығады, олардың әрбір оннан бір бөлігі жақын тұрған адамға жұғып, ауру тудыруы мүмкін.

Десе де, симптомсыз тасымалдаушылардан да аз дәрежеде болсын вирус жұғуы мүмкін. Олардан сөйлескенде, тіпті тыныс алған уақытта да вирус бөлінеді.
Қалыпты жағдайда вирус бөлшектері жарты сағат ішінде ауада болуы мүмкін, содан кейін әртүрлі заттардың бетіне орнығып, соның ішінде киім-кешекке сіңуі мүмкін. Онда олардың өміршеңдігі 24 сағатқа созылады.

Вирустық бөлшектердің киімге, теріге немесе шашқа түсуіне жол бермеу үшін, бір жерде тоқтап тұрмай, ақырын қозғалыста болған абзал. Бұл көлікпен баяу жүргенге ұқсайды – шаң мен шыбын-шіркейлер көліктің алдыңғы әйнегіне соқтықпай жан-жаққа ұшатыны сияқты.

Коронавирустың таралу жолдары мен механизмдері нақты жағдайларға байланысты. Мысалға, егер сіз сатып алушы болсаңыз, онда супермаркетке барған кезде вирусты жұқтыру қаупі азғантай, шамамен алғанда 0,02 пайызды құрайды. Ал сатушы үшін жұқтыру қаупі шамамен 9 пайыз, яғни 500 есе жоғары.Осылайша, халық көп жиналатын орындар мен әр түрлі санаттағы азаматтардың қауіптілігін бағалауға олардың медициналық-демографиялық сипаттамаларына және әлеуметтік мінез құлқына байланысты сараланған көзқарастың маңызы зор.

КЕҢ АУҚЫМДЫ ТЕСТІЛЕУ

Коронавирусты тестілеу эпидемияны бақылау үшін өте маңызды. Бұл пандемияның дамуын бақылауға болатын өзіндік «терезе». Тестілеудің көмегімен вирусты жұқтырған адамдарды анықтай отырып, оларды дер кезінде оқшаулауға болады. Бұл эпидемияның өршуі ықтималдығын азайтады. Оңтүстік Корея дұрыс жүзгізілген ақпараттық-насихат жұмыстары мен тестілеуге кең қолжетімділіктің арқасында індетке қарсы тұруда біршама жетістіктерге жетуде.

Қазіргі пандемия кезінде қанша тест жүзгізу керек? Гарвард профессоры William Hanage басты критерий 3 пайызды сақтап қалуға тырысатын тестілеудің оң жағдайларының шамамен 10 пайызын анықтау деп санайды. Егер бұл көрсеткіш 10 пайыздан асса, онда тексерілгендердің санын көбейту керек дегенді білдіреді.

FDA – АҚШ-тың дәрі-дәрмектерді бақылау агенттігінің бұрынғы басшысы Scott Gottlieb маусымдық тұмау кезінде медициналық көмекке жүгінудің тиімділігі көп болады деп санайды. АҚШ үшін бұл аптасына орташа есеппен халықтың 0,9 пайызын тестілеуді білдіреді.

Қазақстан үшін қайта есептеу кезінде бұл шамамен күніне 23 мың тестке сәйкес келеді, ал Алматы сияқты қалалар үшін күн сайын 2,5 мың сынақтан өту керек.

Алайда, бұл процессті тестілеуді жасанды интеллект пен басқа да технологиялармен үйлестіре отыру арқасында оңтайландыруға болады. Технологиялық алыптардың бірі Google-дың бөлімшесі болып саналатын Verily компаниясы, коронавирусты тестілеуді инфекцияның қауіп факторларын бағалау үшін аналитикалық мүмкіндіктерімен біріктіретін алгоритм жасады. Бұл технологияны қолдану қызметкерлерге жұмыс орнында сенімді түрде болуына мүмкіндік береді, сонымен қатар жұмыс берушілерге қызметкерлерін тестілеудің жиілігін ұсынады.

Kogniz компаниясы жасанды интеллект технологиясын пайдаланып, соның арқасында қауіпсіз қашықтықты сақталуы үшін қызметкерлерді орналастыруды оңтайландырды. Тағы бір Jvion стартап симптомдар мен әлеуметтік мінез-құлқы негізінде компания қызметкерлерінде коронавирустық инфекцияның даму қаупін болжайтын технологияны ойлап тапты. Осындай технологияларды байланыстырып қолданумен қатар, коронавирусты тестілеу бизнес құрылымдардың жұмыстарын қалпына келтіруге және экономиканы біртіндеп жұмылдыруға мүмкіндік туғызады.

Соңғы уақытта Қазақстанда коронавирустық инфекцияны тестілеу мүмкіндіктері едәуір кеңейді.Ол негізінен мемлекеттік және жеке зертханаларда стандартты түрде жүзеге асырылады. Жақында Алматыда орналастырылған оңтүстіккореялық Seegene компанияның мобильді скринингтің жақсы үлгісі болып отыр.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жақында әлемге әйгілі қытайлық BGI компаниясның жоғарғы қауіпсіздігі бар (P2) модульді жылжымалы зертханалары орналастырылды. 60 шаршы метр көлемді құрайтын зертхананы тек бір тәулікте жинап, содан кейін қолданғаннан соң, бөлшектеп, басқа жерге көшіруге болады. Зертхана синтетикалық мембраналардан жасалған және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін автономды ішкі желдету және ауа сүзу жүйесі бар үрленетін модульдерден тұрады.

ПТР және серологиялық тестілеу технологиясын жетілдіру жалғасуда. Мысалы, Quidel компаниясының иммунофлюоресценттік әдісі автоматтадырылған түрде 15 минут ішінде коронавирустың болуы туралы нақты нәтижелер алуға мүмкіндік береді. Жақында АҚШ-тың фрмацевтикалық агенттігі (FDA) Roche компаниясынан алынған өте дәл коронавирусқа серологиялық тесті қолдануды мақұлдады.

Жапондық дәрігерлер белгілі бір дәрежеде азаматтардың жеке тексерулерін алмастыратын арзан әдісті әзірлеуде. Әңгіме коронавирустың таралуын эпидемиологиялық бақылау үшін және індеттің шығуын болжау үшін ағынды суларды сынау турасында болып отыр.Осыған ұқсас зерттеулер қазір Австралияда, АҚШ-та, Швецияда және еуропаның тірқатар елдерінде жүргізілуде.

БАЙЛАНЫСТА БОЛҒАНДАРДЫ АНЫҚТАУ

Байланыста болғандарды анықтау мақсатында эпидемиологиялық бақылау мобильді (көшпелі) эпидемиологтардың бірлестігін қалыптастыруды қарастырады. Коронавирустық инфекцияның әр расталған жағдайларының байланыста болғандарды анықтау және бақылау білікті мобильді эпидемиолог мамандардың орташа есеппен 100 сағаттық жұмысын талап етеді. Мұндай жұмысқа қажетті қызметкерлер санын есептеу кезінде учаскелік қағиданы сақтау ұсынылады. 10 мың адамға 1 мобильді эпидемиолог. Осының негізінде, Қазақстан ауқымында тиісті өкілеттігі бар шамамен 1800 білікті мамандар қажет.

Мобильді эпидемиологтарды эпидемиологиялық қадағалауға көмектесетін технологиялармен қамтамасыз ету маңызды. Бұл арнайы мобильді қосымшаларды, Bluetooth арқылы хабар беру технологиясын, GPS деректерін қолдануды қамтиды.Мысалы, оңтүстіккореялық эпидемиологтар вирус жұқтырған адамның орналасқан жерін оның ұялы телефонының нөмері арқылы анықтай алады. Мұның бәрі ұялы байланыс сигналдары арқылы жүзеге асады. 10-20 минут ішінде дәрігерлерге вирус жұқтырған адамның соңғы 14 күн аралығы қай жерлерде болғандығы белгілі болады.

Сонымен қатар, таяуда технологиялық алыптар Apple мен Google тартымды әдістер ұсынған болатын. Қалыптасқан келіспеушіліктерді жеңе отырып, бұл бәсекелестер бірлесе мобильді қосымша шығарған болатын, ол Bluetooth сигналы арқылы коронавирус жұқтырғандардың жақын маңда екендігін хабарлап отырады. Яғни, бұл жоғары айтылған Оңтүстік Корея әдісі, тек ерікті негізде.

Эпидемияның тез өршуі мен кезекті толқынын күтілуін ескерек, мобильді эпидемиологтарды жедел дайындау қажет. Джонс Хопкинс университетінде (Johns Hopkins University Center for Health Security). арнайы эпидемиологиялық қауіпсіздік бағдарламасымен серіктестікте мобильді эпидемиология саласындағы оқу процесін ұйымдастыруға болады. Бұрын осында мен профессор болып жұмыс істеген университет пандемияға қарсы күреске қатысты сұрақтарда өзін әлемдік академиялық көшбасшы ретінде танытты.

Сонымен қатар эпидемияны болжау орталығын құрса дұрыс болар еді. Орталықтың міндетіне Monte-Carlo моделі сияқты математикалық параметрлер және модельдеуге негізделген Қазақстан үшін эпидемиялық дамудың бірегей моделін жасау кіруі керек. Бұл жоғары сапалы эпидемиологиялық , медициналық-демографиялық және әлеуметтік-экономикалық мәліметтерге толық қолжетімділікті қажет етеді.

НЕГІЗДЕЛГЕН ӨЗІН-ӨЗІ ОҚШАУЛАУ

Қазақстанның бірқатар қалаларында жалпы карантиннің енгізілуі эпидемияның таралуын болдырмауға мүмкіндік берді. Алайда, осындай шектеулердің жағымсыз әлеуметтік-экономикалық әсерін барлығымыз сезіндік.

Көптеген адамдар үшін карантиндік оқшаулау материалдық және басқа себептерге байланысты қиынға соқты. Бізге болашақта неғұрлым ұтымды, қолжетімді және мақсатты шаралар қажет.

Сонымен бірге, вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болғандардың 14 күн ішінде өзін-өзі оқшаулаудың нәтижесінде инфекцияның таралуын едәуір шектейтіндігіне дәлел бар. Көптеген елдердегідей Қазақстанда да үйде оқшаулануға рұқсат етілген. Егер бұл мүмкін болмаса немесе вирусты жұқтырған адам қарттармен және созылмалы аурумен ауыратын науқастармен бір үйде тұрса, басқа жаққа орналасқаны абзал. Бұл үшін қонақ үй бөлмелері, лазарет, бос немесе қайта жабдықталған көрме залдары және спорт кешені қолайлы болуы мүмкін.

Өздігінен оқшауланудың тиімділігі көбінесе сәйкес жағдайдың жасалуына байланысты. Әдетте әңгіме әлеуметтік жауапкершілік туралы айтылады. Дегенмен, нақты жағдайда ең тиімдісі – материалды сыйақы болып табылады.

Осыған байланысты, 14 күн оқшауланғандарға бір АЕК мөлшерінде ынталандыру пакетін ұсынуға болады. Мұндай жағдайларда симптомсыз немесе кішігірім бергілері бар коронавирус жұқтырған емделушілер, сондай-ақ олармен байланыста болған адамдар өздігінен оқшаулана алады. Осылайша олар эпидемияның таралуын азайтуға айтарлықтай үлес қосады.

АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ КӨМЕКТІҢ ЖӘНЕ АУРУХАНА СЕКТОРЫНЫҢ РӨЛІ

Жоғарыда аталған эпидемияға қарсы шаралар алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) деңгейінде жүргізілуі керек. АМСК мекемелерінің медициналық қызметкерлері мобильді эпидемиологтармен науқастарды ауруханаларға жатқызу, карантин шараларын бақылау, қарым-қатынастарды анықтау, гигиена және денсаулық туралы білім беру бойынша белсенді түрде өзара әрекеттесуі керек. Осылайша, АМСК қызметі бұрын елеусіз қалған медициналық көмектің маңызды міндетін орындай алады.

Аурухана ұйымдарының COVID-19 және басқа ұқсас инфекциялармен ауыратын науқастарды қабылдауға және емдеуге дайындығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл емделушілерді іріктеу және бөлу (триаж) жүйесін ұстануды, медициналық қызметкерлердің жедел көмек көрсетуге дайындығын, жеке қорғаныс құралдарын, аурухана инфекцияларының таралуын болдырмау үшін аурухана инфрақұрылымын жаңартуды қамтамасыз етуді қарастырады.

Мұның бәрі мемлекеттік және жеке ауруханаларға қатысты болуы керек. Барлық ауруханалық ұйымдар меншік түріне қарамастан, эпидемияға қарсы процеске белсене қатысуы керек.Мемлекет тарапынан бұл үшін тиісті жағдайлар жасалуы қажет.

Қазіргі кезде Қазақстанның аурухана секторын бәсекелестік ортаға толық көшіру қажеттілігі туындады. Кез-келген бәсекелестік сияқты, бұл медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға және медициналық қызметкерлердің құзыреттіліктерін дамыту үшін нақты ынталандыру болуға тиіс. Сонымен қатар, медициналық көмектің әмбебап қамтылуын сақтау үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМСҚ) және кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек (ККТМК) арқылы көрсетілген ауруханалық қызметтерге кепілдік беру керек.

Ауруханаларды бәсекелі ортаға енгізу қазіргі уақытта мемлекет оларды ұстауға жұмсайтын бюджет қаражатын үнемдейді.Бұл ресурстарға көлемді тестілеу, байланыстарды эпидемиологиялық бақылау, сондай-ақ өзін-өзі оқшаулау үшін жоғарыда айтылған ТБО шараларын жүзеге асыруға инвестициялар салуға болады.

ЭКОНОМИКАНЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН САЛАЛЫҚ (СЕКТОРАЛДЫҚ) ЖҰМЫЛДЫРУ

Денсаулық сақтау жүйесін ТБО қағидаты бойынша модернизациялау экономиканы салалық (секторалдық) жұмылдыруды үш фазада жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бірінші фаза денсаулық сақтау, құқық қорғау және қауіпсіздік қызметі, азық-түлік өндірісі, энергетика, су, көлік және логистика, байланыс қызметтері секілді өмірлік маңызды секторларда еңбек ресурсының 40-50 пайызын экономикаға интеграциялауды көздейді. АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік департаментінің COVID-19 пандемиясын кезіндегі маңызды инфрақұрылым туралы меморандумнан өмірлік маңызды мамандықтардың тізімін алуға және бейімдеуге болады. Мұндай өмірлік маңызы бар ресурстарды жұмылдыру әлеуметтік қашықтықтың базалық талаптарын сақтау, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау және әмбебап тестілеу жағдайында жүргізілуі тиіс.

Екінші фазада қызмет көрсету саласында және экономиканың басқа да секторларында жұмыс істейтін қосымша еңбек ресурстарының 20-30% (жалпы алғанда 70%) экономикаға тарту көзделеді. Бұл қашықтықтан жұмыс жасай алатын адамдарға қатысты емес. Бұл кезеңде әлеуметтік қашықтыққа және гигиена мен санитария стандарттарын қойылатын негізгі талаптарды кезде шектеу шараларын жеңілдету қарастырылады.

Егде жастағы адамдарға (60 жастан асқан), сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын адамдар үшін өзін-өзі оқшаулау және байланысты шектеу туралы талаптар күшейтілу керек. Инфекция аймағын анықтауға, сондай-ақ вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдарды бақылауға көп көңіл бөлу керек.

Үшінші фазада: эпидемиялық катаклизмдерге төзімді экономиканы толық жұмылдыру. Бұл кезеңде білім беру ұйымдарының толыққанды жұмыс істеуі күтіледі, өйткені мектеп оқушылары мен студенттер тестілеуден өтеді. Эпидемияны қадағалау және болжау мәселелеріне ерекше назар аударылуы тиіс.

Осылайша, әмбебап тестілеу бойынша, байланыста болғандарды анықтау және өзін-өзі оқшаулау бойынша кең ауқымды шаралар эпидемияны бақылаудың негізгі құралы ретінде карантинді алмастырмақ.

Осындай шаралардың арқасында азаматтардың көпшілігінің экономикалық белсенділігін, олардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған салалық жұмылдыру және кезең-кезеңімен экономикалық қалпына келтіру мүмкін болады.

Қазіргі пандемия әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық салаларына кері әсерін тигізді. Сондықтан да денсаулық сақтау жүйесі мен экономиканың түрлі секторларының дайындығын қамтамасыз етуге, болашақ эпидемиялық қауіп-қатерлер жағдайында дұрыс әрекет етуде айтарлықтай күш-жігер жұмсау қажет болады.


Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.