Жүктелуде...
 

Әйелдердің білуі маңызды қатерлі ісік белгілері

Әйелдердің білуі маңызды қатерлі ісік белгілері

translator жексенбі мамыр 10, 2020


симптомы рака

Көп жағдайда еленбей назардан тыс қалып кететін жәйттер қатерлі ісіктің белгілері болуы мүмкін.

Демек, әрбір өткізілген күн сіздің өміріңізді сақтап қалуы мүмкін. Бұл қауіпті аурумен күресудің ең тиімді тәсілі – дертті ерте сатысында анықтап үлгеру. Сол кезде ғана науқастың толық емделуге мүмкіндігі бар. Сіздерге елемеуге болмайтын немесе ағзамызға тән табиғи өзгерістермен шатастыруға болмайтын симптомдар туралы сөз қозғаймын.

Себепсіз салмақ жоғалту

Сіз әдеттегідей тамақтанасыз. Спорттық жүктемені де ұлғайтпайсыз. Бірақ, әдеттегі киімдеріңіз күннен-күнге кеңіп, киюге жарамсыз болып барады. Дүкенге барып кезекті киім алу кезінде өлшеміңіздің әлде қайда кішірейіп кеткенін байқайсыз. Төрт килограммнан артық салмақ жоғалту - ұйқы безі, асқазан, тоқ ішек немесе өкпе қатерлі ісігі дамуының қауіпті симптомы болып табылады.

Ерекше шаршау

Бұл қарқынды жұмыс аптасынан кейінгі шаршаудан бөлек жай. Яғни сіз жақсы ұйықтасаңыз да, сүйікті іспен шұғылданып отырсаңыз да, отбасыңызбен бірге уақыт өткізсеңіз де, шаршағаныңыз басылмаса – оған көңіл бөлген жөн.

Омыраудың бөліктерінің қатаюы және басқадай өзгерістері

Әйелдердің сүт безінің бөліктерінің қатаюы көп жағдайда қатерлі ісікпен байланысты емес. Бірақ мұндай өзгерістерді маман жүйелі бақылап отыруы қажет. Сүт безінің кез келген өзгерістері кезінде –емізік мөлшері, ореола түсі, омыраудағы қал, омыраудың бөліктерінің қатаюы күрт ұлғайған немесе кішірейген кезде дереу дәрігерге қаралу керек. Қатерлі ісік жақсы жасырына алады!

Жоғары қызу

Әдетте инфекция кезіндегі қызудың көтерілуі – оңтайлы белгі. Ол сіздің ағзаңыздың бактериялармен немесе вирустармен өз бетінше және тиімді күресіп жатқандығының белгісі. Алайда, үнемі себепсіз қызбаңыз көтерілсе және дене температурасының жоғарылауы дәлелденсе, бұл лейкемия мен басқа да қанның қатерлі ісігінің белгілері болуы мүмкін.

Лимфа түйіндерінің өзгеруі

Мойындағы, қолтық асты және дененің басқа да бөліктеріндегі ісінген лимфа түйіндері, лимфа түйіндері бұршақтар түрінде болса – ол ағзадағы қауіпті өзгерістердің белгісі болуы мүмкін. Лейкемия және лимфома сияқты қатерлі ісіктің бірқатар түрлерінде лимфа түйіндерінің көлемі мен консистенциясы ұлғаяды.

Созылмалы жөтел

Жөтел көбінесе мүлдем зиян емес құбылыс ретінде көрінеді. Дегенмен... егер жөтел терең, ауыр болып, ентігу мен тыныс алудың қиындауымен жүрсе және 3-4 аптада қайтпаса, ал қақырықта сіз қан іздерін тапсаңыз - дереу дәрігерге барыңыз. Мұндай жөтелдің себебі өкпенің қатерлі ісігі болуы мүмкін.

Қалдың өлшемін, пішінін және түсін өзгертуі

Егер сіздің денеңіздегі қал кенеттен өсе бастаса немесе өз түсін өзгертсе, дереу дәрігерге барғаныңыз жөн. Бұл теріның қатерлі ісігінің кең таралған белгілерінің бірі. Мүмкін, бұл терінің кішкене бөлігін биопсияға алу қажет. Бұл жолмен нақты диагноз қоюға және ауыр асқынулардың алдын-алуға болады.

Жұтынудың қиындауы

Ол әрбір адамда болуы мүмкін. Және көп жағдайда жұтынудың қиындауы-уақытша құбылыс және тез өтеді. Мүмкін, сіз кеше суықтап, бүгін тамағыңыз ауырып қалды. Бірақ жұтынудың қиындауы тұрақты болса, әсіресе ол құсумен жалғасса, және де сіз салмақ жоғалтсаңыз - мұндай жағдай көмей, өңеш немесе асқазан қатерлі ісігі туралы ойландырады.

Іштің кебуі және дене салмағының артуы

Әйелдердің көпшілігін постменопауза кезеңінде сүйікті юбкасының кенеттен түймеленбей қалуы онша таң қалдырмайды. Бірақ әдеттегідей тамақтанып, бұрынғыдай спортпен шұғылдансаңыз да ішіңіздің өсіп бара жатқанын сезінсеңіз, және үш апта бойы 2-3 килограммнан артық салмақ қосып отырсаңыз дабыл қағу қажет. Ағзаның мұндай реакциясы сүт безі, тоқ ішек, асқазан-ішек жолдары, аналық без, ұйқы безі немесе жатыр қатерлі ісігі сияқты онкологиялық аурулардың белгісі болуы мүмкін.

Циклден тыс қынаптық қан кету

Әркезде етеккір кезеңдерінің аралығында қандай да бір өзгерістерді жіті қадағалаңыз. Әдеттегі айлық цикліңізден тыс қан кету - жатыр мойнының қатерлі ісігінен де болуы мүмкін.

Зәрдегі немесе үлкен дәреттегі қан

Бұл қуық, бүйрек немесе тоқ ішек қатерлі ісігінің алғашқы және өте көрнекі белгілерінің бірі болуы мүмкін. Бұл жалғыз симптом болса да, дереу дәрігерге барғаныңыз жөн.

Ауырсыну сезімі

Қатерлі ісіктер бастапқы сатысында жиі ауырсыну сезімін тудыра қоймайды. Егер бір жеріңіз бір ай, немесе одан да ұзақ уақыт ауырса, онда тез дәрігерге бару керек. Ауырсыну көңіл-күй нашарлауымен және депрессиямен қатарласа жүргеніне назар аудару керек. Бұл ұйқы безі қатерлі ісігінің белгісі болуы мүмкін. Егер бұндай диагноз туыстарыңызда бұрын соңды анықталған болса – онда оған ерекше назар аудару қажет.

Аталған симптомдардың кейбірі қатерлі ісіктің және басқа да күрделі аурулардың белгілері болып, дереу дәрігерге қаралудың дабыл белгісі болуы мүмкін.


Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.


Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.