Коронавирустық инфекцияның алдын алуда және емдеуде қымыздың орны бөлек

translator дүйсенбі тамыз 17, 2020

Kymyz

Коронавирустық инфекцияның алдын алуда және емдеудегі қымыздың пайдасы қандай?

Қымыз – көшпелі ата-бабаларымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесі, оны қоректік, емдік сусын ретінде медицинада кеңінен қолдануға болады. Атақты тарихшы Геродоттың өзі қымыз туралы жазған болатын. Сондай-ақ, біздің дәуіріміздің басындағы қытай шежірелерінде саяхатшылар, миссионерлер, орта ғасырлардағы этнографтар және кейінгі кездердегі мәліметтерде де осынау бір сусын жайында айтылады.

Көшпенділер үшін қымыз француздардағы шараппен тең. Ашыған қымыздың құрамында алкогольдің аз мөлшері болғанымен, ол алкогольдік сусынға жатпайды; керісінше, бұл көптеген пайдалы заттармен байытылған емдік пробиотикалық өнім. Тіпті оны бір жастағы балалар да іше алады.

Бұрындары қазақтар қымызды көптеген ауруларды емдеу үшін пайдаланған. Қазақтың белгілі ғалымы, шығыстанушы, этнограф Шоқан Уәлиханов туберкулезбен ауырғанда қымызбен емделген екен.

Қымыздың жоғары биологиялық құндылығы көбінесе, ондағы ақуыз – альбулиннің ерекше табиғатымен, сондай-ақ май қышқылының құрамымен, лизоцим мен С дәруменіне бай болуына байланысты. Осы аталғандардың болуынан қымыз бай тағамдық қасиетке ие және көптеген жұқпалы аурулардан иммундық қорғаныс береді деп саналады.

Ескерте кетейін, қымыздың пайдасы жайлы айтылып жатқанға саумал – жаңа бие сүтін қосып отырғаным жоқ. Қымызды, шынымен де, «тірі» тағам деп атауға болады, өйткені қышқыл сүтте тірі бактериялар (пробиотиктер) болады.

Қазір ғылым ашыту процесін зерттеп, түрлі жолдарын тапты, ол яғни бактериялар мен ашытқыларды қантты көмірқышқыл газына, алкоголь мен сүт қышқылына айналдыру сияқты тәсілдер. Ашыту пайдалы ферменттердің, В дәрумен дерінің, омега-3 май қышқылдарының, антиоксиданттардың түзілуіне ықпал етеді.

Көшпенділердің ашқан қышқыл сүттердегі бактерияларды пайдалана отырып ашыту және ферменттеу технологиясының маңызын артық бағалау мүмкін емес.

Осылайша, дайындалған өнімдер миллиондаған микробтарға –бактерияларға, біздің асқазан-ішек жолдарында өмір сүретін ұсақ тіршілік иелеріне әсер етуі мүмкін. Олардың ғылыми атауы – «микробиом», ал олардың жалпы салмағы 2,5 килоға дейін жетеді. Көптеген ғалымдар микробиом ды көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды адам ағзасы деп атайды.

Біздің бойымыздағы микробиомды құрайтын микробтар денсаулық үшін аса маңызды болып саналады. Олар тағамды сіңіруге, одан пайдалы заттарды алуға және зиянды токсиндерді шығаруға көмектеседі. Бұл семіздік, аллергия және көптеген созылмалы аурулардың алдын алуға көмектеседі. Олар ішектерден бөлек, денедегі басқа да қуыс мүшелерде, мысалы бронхтарда, ауыз қуысында, зәр шығару жолында және жатырда болады.

Ішек бактериялары біздің көңіл-күйіміз бен мінез-құлқымызға да әсер етуі мүмкін. Бұл олардың көптеген жүйке жасушаларымен – ішек қабырғасында шашыраңқы орналасқан нейрондармен өзара тығыз байланыстылығында. Ішектегі жүйке жасушалары мысықтың миының көлеміндей болады. Бәлкім біздің кейде «ішім сезіп тұр» дейтініміз содан шығар.

Әдетте адам нені жесе, содан құралады деген сөз жиі айтылады. Ал мен мұны өзгертіп: адам миллиардтаған микробтарды, ішегіндегі өмір сүретін кішкентай тіршілік иелерін немен тамақтандырады – содан құралады дер едім.

Яғни, біз микробиомды қалай азықтандыруымыз оның саулығына айтарлықтай әсер ету мүмкін, ал біздің микробиомыз қаншалықты сау болса, біздің де денсаулығымыз соншалықты мықты болады. Қымызда және басқа ашытылған сүт өнімдерінде бар бактериялардың көмегімен дұрыс микробиом балансын қалпына келтіруге болады.

Мұндай балансты сақтау үшін пребиотикалық, яғни құрамында ішек бактерияларының өсуіне арналған тыңайтқыш болып табылатын бактериялары бар көкөністер мен жемістерді үнемі тұтыну қажет. Егер тамаққа қымыз секілді пробиотикалық өнімдер қосылса, онда пайдалы бактериялардың басымдығын одан әрі нығайтуға болады. Осылайша біз өзімізді тек коронавирустан ғана емес, сонымен қатар көптеген аурулардан да қорғай аламыз.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.balaman.kz/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=155