Жүктілік және COVID-19

translator жексенбі желтоқсан 27, 2020

Beremennost I Kovid

Пандемия барлығымызды өз денсаулығымызбен қоса жақындарымыздың, әсіресе арамыздағы осал адамдардың денсаулығын сақтауға, оларға қамқорлық жасауға мәжбүр етті. Жүкті әйелдердің иммунитеті әлсірейтіндігі белгілі. Бала көтеру процесінің өзі онсыз да физикалық жағынан, эмоциалық жағынан да едәуір күрделі өтеді. Планетаны жайлаған коронавирустық инфекция жағдайды одан бетер қиындатты десе болады.

- Әйткенмен, коронавирустың жүктілікке әсері қандай? - осы сұрақты мен қайта белгілі акушер-гинеколог, академик Локшин Вячеслав Натановичтен сұраған болатынмын.

- Бұған дейін біз бұл мәселені талқылағанбыз, бірақ одан бері бірталай уақыт өтті және де сарапшылар кейбір ұсыныстарын қайта қарап шықты.

- Ең маңызды сұрақтан бастайық. Жүкті әйелдер коронавирустық инфекцияны қалай өткереді? Жүкті емес әйелдерге қарағанда бұл оңай немесе ауыр өте ме? Соңғы зерттеулер көрсеткендей, жүкті әйелдер коронавирустың дене қызуы мен бұлшықет ауырсынулары сияқты симптомарын сирек өткереді. Әдеттегідей, олар жалпы бұл ауруды жеңіл көтереді.

Сондай-ақ, жүкті әйелдер арасында асқынулардың негізгі қауіпті факторлары артық салмақ, диабет және жоғары қан қысымы екендігі анықталды. Бұл созылмалы дерттердің коронавирус ағымын ауырлататындығы шілде айында мәлім болды, енді біз бұл ақпарат болашақ аналар үшін де маңызды екенін білеміз. Сонымен қатар, COVID-19-дың ауыр ағымына шалдыққан екіқабат әйелдер жүкті емес әйелдерге қарағанда қарқынды терапияны жиірек қажет ететіндігі анықталды. Яғни, олар дертті жеңіл өткереді, бірақ аурудың ауыр ағымы болған жағдайда олар жиі-жиі шұғыл көмекке мұқтаж.

Әзірге коронавирустың нәрестенің іштегі дамуына қандай да бір әсер ететіндігі туралы ешқандай дәлелдер жоқ, бірақ та қырағылықты жоғалтпағанымыз абзал. Вирустың анадан құрсақта жатқан балаға жұғуы екіталай. Алайда, жақында коронавирусты жұқтырған жүкті әйелдер уақыты толмай тууға бейім екендігі дәлелденді https://www.bmj.com/content/370/bmj.m3320.

Айта кететіні, COVID-19-ға оң нәтижесі бар анаға қазір тек кесар отасы көмегімен босану керек дегенді білдірмейді. Бұған дейін кейбір дәрігерлер нәресте табиғи босану кезінде инфекцияны жұқтыруы мүмкін деп болжаған еді. Алайда, бүгінгі күнге дейін бұл әлі расталған жоқ. Сол себепті босану тәсілін акушер-гинекологтар коронавирустық инфекцияның болуына емес, тек медициналық көрсеткіштер мен жүктіліктің барысына сүйене отырып тағайындайды. Бұрын сарапшылар COVID-19-ды жұқтырған ананың толық сауығып кеткенше жаңа туылған нәрестені бөлек ұстауға кеңес берген болатын, ал бірақ қазір дәрігерлер одан бас тартты.

Сәбиді емізуге келетін болсақ, бұрын ана сүтін шығарып, оны қолданбауға кеңес берген. Ұзақ бақылаулар мен деректерді талдаудан соң ДДСҰ сарапшылары аналарға сәбилерін емшек сүтімен емізіп, оларды қолдарына ұстап, әдеттегідей нәрестелерімен бір бөлмеде болғаны дұрыс деген қорытындыға келді. Қазіргі кезде ананың емшек сүтімен, тіпті COVID-19 анықталған анадан нәрестеге жұғуы мүмкін екендігі жайлы нақты ақпарат жоқ. Ғалымдар мен дәрігерлер сәбиді емшек сүтімен емізудің инфекция қаупінен гөрі, пайдасы зор екеніне сенімді. Өйткені, COVID-19 нәрестелерде өте жеңіл әрі симтомсыз өтеді. Сонымен қатар, емшек сүті нәрестенің иммундық жүйесін нығайтып, оған ықтимал инфекциялармен күресуге көмектеседі. Бұл ретте сарапшылар егер сәбидің анасында аурудың айқын симптомдары болса, онда оған барлық гигиеналық ұсныстарды сақтауды жалғастырып, нәрестемен байланыс кезінде маска тағу өте маңызды екенін ескертеді.

Коронавирустың жүктілікке тағы бір айқын емес әсері – бұл әйелдердің сапалы медициналық көмекке қолжетімсіздігі. Қазір медициналық қауым COVID-19-бен жабыла күресіп, қарбалас жүріп жатқанда, түрлі шектеулер мен медициналық қызметтің қолжетімсіздігі салдарынан жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге аз көңіл бөлінуде. Сол себепті жүкті әйелдерге қажет болған жағдайда әрдайым өзінің емдеуші дәрігерімен қашықтан болса да байланыста болуға кеңес беріледі.

Pfizer/BioNTech компаниялары вакциналарын сәтті сынақтан өткізгені туралы ақпарат пайда болғаннан соң, вакинанны кім бірінші алады екен деген сұрақтың туындауы заңдылық. Мұндай жағдайда жүкті әйелдер ерекше орында тұр. Бір жағынан жүкті әйелдер осал топқа жатады, өйткені COVID-19-дың ауыр ағымы олар үшін қауіпті. Оның үстіне медицина қызметкерлердің едәуір бөлігі әйел адамдар болғандықтан, олардың арасында жүктілері де болуы әбден мүмкін. Сонымен бірге жаңа вакциналар болашақ аналарға тексерілмегендігін ескеру қажет. Шындығында, ғалымдарға клиникалық сынақтар кезінде әйелдің және оның баласының денсаулығына алаңдамау үшін жүкті әйелдерді сынақ тобынан алып тастау қашанда оңайырақ. Оған қоса, вакцинаны мүмкіндігінше аса қысқа мерзімде жасау қажет болды. Коронавирустық вакциналар жүкті әйелдерде тексерілмегенімен, кейбір сарапшылар екпелер барлық адамдар үшін қауіпсіз екеніне сенімді.

Сонымен, жүкті әйелдерге COVID-19-ға қарсы вакцинасын алу қажет пе? Ұлыбританияда жүкті әйелдерге вакцина алу ұсынылмайды, ал канадалықтар аяғы ауыр әйелдерге өздерін емдейтін дәрігерлерімен ақылдасып, содан соң шешім қабылдауларына кеңес береді. АҚШ-тың фармацевтикалық және азық-түлік қауіпсіздік агенттігі бұл мәселе бойынша өз позициясын әзірге білдірген жоқ.

Өзімізге келер болсақ, бізде көп нәрсе сатып алынған вакциналардың түріне және басқа елдердің тәжірибесіне байланысты болмақ. Бүгінгі күні болашақ аналарға арналған ең дұрыс шешім – ол инфекцияны барынша жұқтырмаудың қамын ойлап, сақтық шараларын қатаң ұстану.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.balaman.kz/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=194