«Британдық» коронавирус: ол қаншалықты қауіпті?

translator Сейсенбі қаңтар 5, 2021

5994a7ea 5dfc 43e0 B3a6 4a732785a086 Covid Variant Topper Topper2

Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа түрі өте жұқпалы екендігі айтылып, бұл хабар көпшілікті алаңдатпай қоймады. Жаңа эпидемияның таралуынан сақтанған кейбір елдер Ұлыбританиямен әуе қатынасын жауып тастаған болатын. Коронавирустың мутацияланған бұл түрі шынымен де қауіпті ме?

Коронавирус – бұл кішігірім РНҚ молекуласымен ұсынылған генетикалық материалдың бөлігі. Бұл молекула тұрақсыз болғандықтан, үнемі өзгеріп отырады. SARS-CoV2 коронавирусы айына кем дегенде екі рет мутацияға ұшырайды, яғни Қытайдың Ухань қаласында пандемия басталғаннан бері ол 20 реттен астам өзгеріске ұшырады.

Дәл осы мутацияланудың салдарынан Қазақстандағы таралған коронавирус генетикалық тұрғыдан Уханьдағы алғашқы анықталғаннан, сондай-ақ оның еуропалық және басқа түрлерінен ерекше болуы мүмкін.

«Британдық» мутанттың бүгінде біздің елде болу-болмауын болжам етуге болады. Алайда, бұл елмен әуе қатынасқа қойылған шектеулерді ескерсек, әзірге болуы екіталай сияқты.

Осыған орай, коронавирустың мутанттарын анықтай аламыз ба және де жасалып жатқан вакциналардың оларға қарсы тиімділігі бола ма деген сұрақтар туындайды.

Қолданылатын диагностикалық тесттер негізінен коронавирустың тікенді ақуызын анықтауға бағытталған, білеріміздей оның көмегімен ол адам ағзасына енеді. Санаулы мутациялар бұл ақуызды аздай ғана өзгертеді, сондықтан олардың диагностикалық тесттердің көпшілігінің дәлдігіне айтарлықтай әсер етуі екіталай. Бұл вакциналарға да қатысты, олардың көпшілігі коронавирусқа қарсы иммундық жауап қалыптастыру үшін бірдей тікенді ақуызды пайдаланылады. Алайда, болашақта радикалды мутациялар қаупі туындау мүмкіндігін ескере отырып, вирустың жаңа түрлеріне тез бейімделе алатын вакцина технологияларына инвестиция жасаған дұрыс. Бұл тұрғыда матрицалық РНҚ технологиясының болашағы зор, ол барынша икемді және тиімділігі жоғары.

Жалпы, мутация вирустардың агрессивті бола бастағанын білдірмейді. Ол тез жұқпалы болғанымен, өлім қаупін аз тудыруы ықтимал.

Шындығында, вирустар өздерінің табиғаты бойынша паразиттер болып табылады, олар адамдарсыз өмір сүре алмайды. Вирус жұқтырған науқас қайтыс болған жағдайда, сол уақыттан бастап вирустар да жоғалады. Сондықтан, вирустар үшін «қожайындарының» өлімі тым қолайсыз. Ол өздігінен өмір сүріп, адамдармен бірге күнелту үшін мутацияға ұшырайды.

Яғни, бұл қалыпты эволюциялық процесс. Дәрігерлер коронавирусты тікелей бұза алатын моноклоналды антиденелер коктейлін қолдана бастаған сәттен бастап, коронавирустың мутациялануы жеделдете бастағанға ұқсайды. АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Regeneron компаниясының дәл осындай «коктейлімен» өзін емдеп шығарғанын болатын.

Коронавирустың мутациялық процесі вакцинация кезеңі басталған кезде одан әрі үдеуі мүмкін. Уақыт өте келе, COVID-19 тұмау сияқты маусымдық инфекцияға айналуы да әбден мүмкін.

2003 жылы генетикалық материалдардың жиынтығы болып табылатын геномның құрылымы толығымен айқындалған еді. Бүгінде адамның геномы қырық алты хромосомаға шашырап кеткен үш миллиард молекулалық бірліктен құралатыны белгілі болып отыр. Осы генетикалық бірліктердің реттілігі біздің бір-бірімізден, сондай-ақ Жер шарындағы басқа тіршілік иелерінен айырмашылығымызды анықтайды. Белгілі болғандай, біздің геномның тек 2 пайызы ғана осындай ерекшеліктерге жауап береді, ал қалғандары бір қарағанда мақсаты мен мағынасынан айырылған молекулалардың түсініксіз тіркесімі екен.

Жақында адам геномының осындай мағынасыз бөліктерінің 10 пайызға дейінгі бөлігі көне вирустардың қалдықтары екендігі анықталды. Олар бір кездері біздің ата-бабаларымыздың генетикалық құрылымына еніп, осылайша бүгінгі күнге дейін сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа генетикалық жолмен беріліп отырды. Адам геномына енетін вирустар белгілі бір жағдайларда олардың генетикалық сипаттамаларын өзгертіп, ауру тудыратын қасиеттерін қайта жандандыра алатынын елестету қиын емес. Сондықтан да болашақ пандемиялық қауіп-қатерлерге әрқашанда дайын болуымыз керек.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.balaman.kz/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=196