Коронавирустар қалай мутацияға ұшырайды?

translator дүйсенбі сәуір 12, 2021

2021020401331377082 27

Вакциналар коронавирустың таралу тізбегін толығымен тоқтатқанша, оған тірі қалу үшін мүмкіндігінше көп адамдарға жұғып үлгеруі маңызды. Ол үшін коронавирус өзінің генетикалық құрылымын үнемі өзгертіп отырады, яғни мутацияға ұшырайды. Мутация қалай өтетінін кеңірек қарастырайық.

Кейбір вирусологтар өткен жылдың көктемінде Нью-Йорк қаласында күн сайын 800-ге жуық адамды жалмаған COVID-19 коронавирус агрессивті мутантты болғанын және оның қытайлық тегінен айтарлықтай бөлек екендігі жайында айтады. Өткен жазда Қазақстандағы көп адам өліміне алып келген эпидемия коронавирустың тағы да бір агрессивті нұсқасынан туындады деп айтуға негіз бар.

Осыдан бір жыл бұрын, пандемия басталғаннан бері коронавирус айына орта есеппен екі рет мутацияға ұшырады. Бірақ, жақында бұл процесс белгісіз себептермен бірнеше рет үдей түсіп, дәрігерлерді қатты алаңдата бастады.

Коронавирус қалай мутацияға ұшырайтындығын және неден пайда болатындығын білу үшін, оның қайдан шыққандығын талдап түсіну қажет. COVID-19-ды тудыратын қазіргі коронавирус 30 мың құрылымдық бірліктерден тұрады, олар алфавит әріптері іспеттес кішігірім РНҚ генетикалық молекуласын құрайды. Геномдық секвенция деп аталатын молекулалық тест көмегімен коронавирустың генетикалық кодын, мутациясын анықтауға болады.

Коронавирустың РНҚ-сы 29 ақуыз молекулаларын кодтайды, олардың ішіндегі ең маңыздысы тікенді ақуыздар. Олар вирустың бетінде тікенек түрінде орналасқан, ол оған өзіндік өң беріп, келбеті тәжге ұқсайды.

Тікенді ақуыздардың көмегімен коронавирус адам жасушаларына жабысып, біздің ағзамызға баса көктеп кіреді. Содан соң, ол біздің жасушалық механизмдерімізді өзінің көптеген көшірмелерін жаңғыртуға пайдаланады, яғни, көбейту үшін қолданады. Алайда, бұл механизмдер мүлдем жеткіліксіз болғандықтан, көбею кезінде коронавирус генетикалық кодтың бірнеше қателіктерін жасайды. Бұл қателіктер коронавирустың кейінгі ұрпақтарына тарайды. Осылайша мутациялар пайда болады.

Науқастың ағзасында коронавирустың ұзақ болуы мутацияның туындауына қолайлы. Кейбір науқастарда COVID-19 әдеттегіден әлдеқайда ұзаққа созылады. Бұл ретте, олардан коронавирустық инфекция бастау алғаннан бір айдан соң және ұзақ бөлінуі мүмкін. Мұндай жағдайларда мутация ықтималдығы едәуір артады, науқастар болса супермутагендерге айналады.

Алайда, коронавирустың кішкентай генетикалық молекуласындағы мұндай мутациялардың мүмкіндіктері өте шектеулі. Антиденелермен бейтараптандыруды болдырмау үшін өзінің молекуласын өзгерте отырып, коронавирустық мутант бір уақытта адамның нысаналы жасушаларымен байланысу қабілетін жоғалтуы мүмкін. Осылайша, ол азырақ жұқпалы болады. Айтпақшы, коронавирус енді өзінің өмір сүруін қамтамасыз етудегі мутациялануда қиындықтарды өткеруде.

Бұдан бөлек, ғалымдар коронавирустың тікенді ақуызында мутацияға неғұрлым бейімделген шағындау аумақ бар екенін анықтаған болатын. Егер осы шағын аумаққа тосқауыл қойса, онда негізінде мутация мәселесін шешуге болады. Осы идеяға сүйене отырып, вакцина жасаушылар вирусты бейтараптандырумен бірге коронавирустың тікенді ақуызының тұрақсыз аумағын бұғаттауға және сол арқылы болашақ мутациясына кедергі келтіретін технологияны жасауға тырысуда.

Вакциналар коронавирус пен оның мутанттарынан болатын күрделі асқынулардан қорғай алады. Алайда, вакцинацияны күткен миллиондаған адамдар үшін, сондай-ақ вакцина жақпайтындар немесе одан бас тартқандарға мутациялар үлкен қауіп төндіріп, қолданыстағы коронавирустық инфекцияны емдеу тәсілдерінің тиімділігін айтарлықтай төмендетуі мүмкін.

Сондықтан, жаңа мутанттардың пайда болуы эпидемияға қарсы шараларды сақтаудың маңызды себебі. Мысалға, масқа тағу, әлеуметтік арақашықтық, инфекция жұқтырғандар және олармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау. Бұл қоғамда вакцинацияның арқасында ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін қажет болады.

Әрине, пандемиямен күрестегі жеңісті нақты күнде атап өтуіміз екіталай. Сірә, қалыпты өмірге оралу кезең-кезеңмен жүзеге асатын сияқты. Біз қарым-қатынас жасауда, адамдар көп шоғырланған жерлерде, ғылыми конференцияларда және оқыту сыныптарында болуды біртіндеп батылдана қадам жасай бастаймыз. Пандемияның аяқталуы коронавирус өз қасиеттерін қаншалықты тез өзгертетініне және біз оған қалай әрекет етуімізге байланысты болады. Дегенмен, сайып келгенде көп нәрсе біздің мінез-құлқымызға байланысты болмақ.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.balaman.kz/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=209