Спорттық жаттығулар арқылы бір-екі апта ішінде жоғары артериялық қысымды төмендетуге болады

translator сенбі қазан 26, 2019

24 10 2019

Систолалық қысым (жоғарғы көрсеткіш) артериядағы қысымды көрсетеді, жүрек жиырылып, қан жүйесіне қанды айдағанда пайда болады. Диастолалық қысым (төменгі көрсеткіш) жүрек жиырылулары арасындағы кезеңдегі қысымды көрсетеді — жүрек босаңсып, қанға толғандағы қысым. Систолалық және диастолалық қан қысымының тамаша қатынасы 120/80 болып табылады. Қан тамыр қабырғаларына түсетін қысым күшейгенде гипертензия деп аталатын ахуал дамиды. Созылмалы гипертанзиямен ауыратын адамдарда миға қан құйылу қаупі, қолқа аневризмасы, жүрек жеткіліксіздігі, бүйрек және басқа да ағзалар ауруларының даму қаупі жоғары болатыны белгілі. Сондықтан да жоғары артериялық қысымды (140/90 және одан жоғары) сезінсеңіз міндетті түрде уақыт создырмай дәрігерге қаралу керек. Мұндай жоғары қысым дәрігердің бақылауында дәрі-дәрмекпен емдеуді қажет етеді.

Күніне 30-60 минут жасалатын тұрақты физикалық белсенділік артериялық қысымды сынап бағанасы бойынша 4-9 миллиметрге дейін түсіреді. Нәтижесі әп сәтте. Егер де бұрын Сіздің физикалық белсенділігіңіз төмен болған болса да, жасаған жаттығулардың арқасында бірер аптада тез жақсы нәтижеге жетуге болады. Тіпті жай қарапайым жаттығуларды (мысалы, жаяу жүру немесе күш түсірмей қимыл жасау) 10 минуттан жасасаңыз да көп көмегі тиері сөзсіз. Дегенмен, демалыс күніңізде бірден өзіңізді күштеп, жай күнгі жасамаған жаттығуларыңызды өтеймін деп тырысу қателік, өйткені шектен тыс өзіңізді күштеу басқа да аурудың зардабына әкеліп соғуы мүмкін.

Неліктен физикалық белсенділік гипертонияның алдын алуға көмектесіп, артериялық қысымды төмендетеді, енді соған тоқталайық. Денеге түсетін физикалық жүктеме жүректі нығайтады. Жүректің бұлшықеті болса күштемей қан айналымын көп мөлшерде арттырады. Сөз жоқ, жүректің жақсы жұмыс жасауы, қанды тамырлар жүйесіне аз күшпен айдап қан қысымын төмендетуі. Егер Сізде шекаралық гипертензия болса (120-139 арасындағы систолалық қысым немесе 80-89 арасындағы диастолалық қысым), жаттығулар сізге «толық» гипертензия болдырмауға көмектеседі. Ал егер Сізде ол болса (гипертензия), жаттығулар оны қауіпсіз деңгейге дейін төмендетпек.

Жас ұлғайған сайын гипертонияның дамуы да артады. Салауатты өмір салтын ұстап өзіңіздің өмірге деген құлшынысыңызды жақсы жағына өзгертсеңіз – гипертензия және өзге де жүрек-қан тамыры ауруларын, тіпті миокард инфарктісін жеңуге болады. Дұрыс тамақтану және спортпен шұғылдану арқылы жоғары қысымнан дәрі-дәрмектерді қабылдау қажеттілігін болдырмауға немесе оны кейінге қалдыруға, тіпті ең болмағанда тиімді дозаға дейін азайтуға болады.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.balaman.kz/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=74