Anamed.kz сайты «Профессорға арналған сұрақтар» бөлімін жалғастырады, мұнда профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман біздің оқырмандарымызға пайдалы кеңестерін, аурулардың алдын-алу және қандай да бір аурулардың дамуын болдырмауға болатынын және әркімге өз денсаулығын қалай қадағалау керектігі жайында айтып беретін болады.
ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР: Біз күйеуім екеуміз балалы болғымыз келеді, алайда менің жүкті бола алмай жүргеніме бір жылдан асты. Бұл бедеуліктің белгісі ме?
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН: Бедеулік – бұл білікті және уақытылы емді қажет ететін күрделі әлеуметтік және медициналық мәселе. Өзінің саналы ғұмырында әйел адам бала көтеріп, сәбиді дүниеге әкелуді армандайды. Әдетте, тұрақты жыныстық қатынаста тұратын және жүктіліктен сақтанбайтын әйелдерде жүкті болу мүмкіндігі айына 20-25% құрайды. Сондықтан да ерлі-зайыптылардың көпшілігі отбасылықтың алғашқы жылында жүктілікке қол жеткізе алады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) анықтауы бойынша, бедеу неке деп ерлі-зайыптының екеуі де бала табуға қабілетті жаста бола тұра, бір жыл мерзімде жүктілікке қарсы дәрі-дәрмектерді қолданбай, тұрақты жыныстық қатынасқа түсу нәтижесінде жүктіліктің жүзеге аспауын айтады.
«Бедеулік» диагнозы Сізде бала болмайды дегенді білдірмейді. Бұл жай бала көтерудегі қиындықтар мен едәуір дәрежедегі емдеуді талап ететін мәселе деп қарастырған дұрыс. Қазіргі заманауи емдеу әдістерін қолдану арқылы әр төрт әйелдің үшеуі жүкті болып, бедеулікті жеңуде.
ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР: Бедеуліктің себебі неде?
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН: Жүктіліктің шарттары мынадай:
• Аналық жасушаның өсіп жетілуі және овуляция (аналық жасушаның аналық безден шығуы) • Аталық ұрықтың (шәуеттің) сапасы қалыпты болуы • Жатыр түтіктерінің өткізгіштік қасиетінің болуы • Жатырдағы ұрықтың жайлы ортада дамуы
ДДСҰ мәліметі бойынша, бедеуліктің ең көп таралған түрлері: жатыр түтіктерінің бітелуі немесе болмауы ( 30-40%), фолликулдардың жетілуі және овуляциямен байланысты проблемалар ( 30%), ерлерде – сперматозоидтардың саны мен сапасының төмендеуі (30%), басқа да факторлар (10%).
ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР: Бедеулікке күдік болса, неден бастау керек?
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН: Бедеуліктің қаупін сезген бойда, көп күттірмей емделген абзал. Жүктіліктің кешігуін ерте біліп, дәрігермен кеңесіп, уақыт кетірмей тезірек қаралу керек. Ерте басталған емнің барлық мүмкіншілігі мол. Бедеуліктің мәселесін жұптар бірігіп қаралып, емделім шешкені дұрыс. Заманауи медицинада көп қолданылатын диагностикалау әдістері мынадай:
• Жатыр түтіктерінің өткізгіштік қасиетін тексеру • Қандағы гормондардың деңгейін анықтау (еркек пен әйелден) • Спермограмма. • Ультрадыбыстық зерттеулер арқылы жатыр мен аналық бездің жай-күйін бағалау • Несеп-жыныс жүйесіне инфекциялық зерттеу • Гистероскопия – жатыр қуысын тексеру. • Лапароскопия – құрсақ қуысы мен жамбас мүшелерін тексеру.
ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР: Бедеуліктің себептерін анықтағанда қандай гормондарды тексерген жөн?
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН: Гормоналдық ауытқу өз кезегінде бедеулікке себеп болады. Оларды уақытында анықтау және түзету жүктілікті жеделдетуге және орайлы ағымға тиімді. Гормоналды фонды толыққанды анықтау үшін дәрігер міндетті түрде гормондардың құрамына қан талдауын тағайындайды. Гормондар сыртқы өзгерістерге тым сезімтал келеді. Әр гормонның өзіндік кішкене «қырсықтығы» бар. Қанның құрамындағы гормондар деңгейінің тура және көрнекі сараптаманың дәлдігіне әйелдің етеккір цикл уақыты ғана емес, соңғы тамақ қабылдаған уақыты да әсер етеді. Мүмкін, сондықтан да қан тапсырғанда аш қарынға таңертеңгі уақытты таңдағаныңыз дұрыс. Міндетті түрде 30 минуттай өзіңізді салмақты, еркін ұстауға тырысыңыз.
Сонымен, бедеуліктің гормондық себебін анықтау үшін қанның құрамындағы негізгі гормондарды анықтау керек:
1. ФЖГ (фолликулды жандандырушы гормон) – әйелдерде аналық бездерде фолликулалардың өсуіне және эстрогеннің пайда болуына әсер етеді. Оның әсерінен жатырда шырышты қабат (эндометрия) өседі. Орта циклда ФЖГ-ның қауіпті деңгейге жетуі овуляцияға әкеледі.
2. ЛГ (лютеиндендіруші гормон) – бұл гормон әйелдерде фолликулаларды жетілдіреді, сондай-ақ овуляцияны, эстрогендердің секрециясын қамтамасыз етеді.
3. Пролактин овуляцияға қатысады, босанғаннан кейін лактацияны ынталандырады. Сондықтан да ФЖГ-ның түзілуін жүктілік кезінде «бейбіт мақсатта» және жүктілік болмаған жағдайда басуы мүмкін. Қандағы жоғарғы және төменгі мөлшердегі пролактинде фолликул дамымайды, оның нәтижесінде әйелде овуляция болмайды.
4. Эстрадиол жетіліп келе жатқан фолликулмен, аналық бездің сары денесімен, бүйрек үсті безімен және тіпті майлы тінмен ФЖГ, ЛГ және пролактиннің әсерінен секрецияға ұшырайды. Әйелдерде эстрадиол етеккір функциясының қалыптасуы мен реттелуін, аналық жасушаның дамуын қамтамасыз етеді.
5. Прогестерон – бұл гормонды етеккір циклінің 19-21 күнінде тексеруге болады. Прогестерон – сары дене мен плацентамен (жүктілік кезінде) өндірілетін гормон. Ол ұрықтанған аналық жасушаны имплантациялауға жатыр эндометриясын дайындайды, ал оны имплантациялағаннан кейін жүктілікті сақтауға ықпал етеді.
6. Тестостерон екі жұпқа да (еркек пен әйелге) қажет, бірақ та еркектің жыныстық гормоны болып табылады. Әйел организмінде тестостерон аналық бездермен және бүйрек үсті бездерімен секрецияланады. Әйелде тестостеронның қалыпты шоғырлануының үдеуі овуляцияның бұзылуы мен ерте түсік тастауға себеп болуы мүмкін, және де тестостеронның ең жоғары шоғырлануы ең жоғары деңгейде шоғырлануы лютеин фазасында және овуляция кезеңінде анықталады. Еркектердегі тестостеронның шоғырлануыныңазаюы, еркектің күшінің әлсіздігіне және ұрығының (шәуеттің) сапасының төмендеуіне себепші болады.
7. Қалқанша без гормондары ерлі-зайыптылардың екеуінде де және соның ішінде жүктілік кезінде жыныстық жасушалардың түзілуіне әсер етеді.
Т3 (бос трийодтиронин) тиреотропты гормонның (ТТГ) бақылауымен қалқанша бездің фолликулярлы жасушаларымен өндіріледі. Ол (ТТГ) белсенділеу Т3 гормонының негізін қалаушы болып табылады, өзіндік әрекеті Т4-тен қарағанда зор.
Т4 (жалпы тироксин) – қандағы Т4 шоғырлануы Т3 шоғырлануынан жоғары. Бұл гормон организмдегі жылулықты, оттегінің қажеттілігін арттыруға әсер етеді (бастағы миға, көкбауырға емес). Әйел мен еркекте бұл гормонның деңгейі бір қалыпты барлық ғұмырында қажеттілікке жарайды. Бірақ, кейбір жерлерде қалқанша бездің белсенділігінің төмендеуі байқалады. Бұл өз денсаулығына және болашақтағы сәбидің денсаулығына кері әсерін тигізеді деген сөз.
ТТГ (Тиреотропты гормон) – бұл гормонның деңгейін міндетті түрде тексеріп отыру қажет, қалқанша бездің функцияларының бұзылуынан бөлек.
ТТГ-ға антидене – ТТГ-ға антиденелерді анықтау қалқанша бездің функциясының бұзылуын алдын ала болжау жасауға тиімді.
Жоғарыда аталып көрсетілген гормондардың деңгейін анықтау – бұл бедеулікті анықтаудың маңызды жолы болып табылады. Гормондардың деңгейі овуляцияның нақты күнін белгілеуге және де жүкті болуға ыңғайлы сәтті анықтауға көмектеседі. Гормоналды тексеріс организмнің жұмыс істеу қабілетінің дұрыстығын қадағалайды. Егер де қандай да гормонның шамадан төмен немесе жоғары болса, бұл дегеніңіз өз денсаулығыңыздың жарамсыз екен деп алаңдауға еш негіз жоқ.
Дәрігер гормондарыңыздың деңгейін анықтап, еміңізге керек дәрі-дәрмектің көмегімен Сіздің әке және ана болу үмітіңізді арттырып, қабылдаған еміңізді ақырына дейін жеткізуге жетелейді.
ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР: Спермограмма не үшін қажет?
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН: Сперматогенез – бұл қалыпты және жетілген ұрықтың (шәуеттің) дамуы, еркектің ұрықтылығының негізгі факторы, яғни ұрпақ жалғастыру қабілеті. Шәуеттің морфологиялық анализі (спермограмма) құрылымы бойынша патологиялық (аномальды), аз қозғалмалы сперматозоидтарды анықтауға, сперматозоидтар патологиясының сипатын, қалыпты формалардың санын нақты анықтауға мүмкіндік береді. Спермограмма бедеулікті емдеу әдісін таңдау критерийлерінің бірі болып табылады. Ұрықтағы лейкоциттердің жоғары саны анықталған жағдайда, инфекцияға ұрықты себу қосымша жүргізіледі.
Спермограмманың қалыпты жағдайдағы көрсеткіштері:
КӨРСЕТКІШ | МӨЛШЕРІ |
Көлемі | 2 мл-ден кем емес |
Түсі | Ақ-бозаң |
Сұйылу уақыты | 10-40 минут |
рН | 7,2-7,8 |
1 мл спермийлер саны | 20-120 млн. |
Эякуляттағы спермийлер саны | 40-500 млн. |
Белсенді қозғалыстағы (А категориясы) | 25 % кем емес |
Аз қозғалыстағы (В категориясы) А + В | 50 % кем емес |
Енжарлы қозғалыстағы (С кат.) С + D | 50 % көп емес |
Тіпті қозғалыссыз (D категориясы) | |
Патологиялық сперматозоидтар | 50 % көп емес |
Дөңгелектелген жасушалар саны | 5 млн. көп емес |
Спермагглютинация | Жоқ |
Лейкоциттер | көз жетерлік алаңның 3-5 дейін |
ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР: Бедеулікті диагностикалау кезінде инфекциялардың бар-жоғын тексеру қаншалықты маңызды?
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН: Кейбір инфекциялар ұрықтың дамуына қауіпті, бала көтеру кезіндегі жетілуіне кері әсерін тигізеді. Мысалы үшін оған герпес, цитомегаловирус, қызамық, токсоплазмоз және т.б. аурулар жатады. Бұл инфекциялар кең таралған және жиі жасырын өтеді. Тіпті жұптардың біреуінде инфекция анықталған болса, онда екеуінің де емделуін, сондай-ақ бақылауда болуын талап етеді. Диагностика көлемін емдеуші дәрігер анықтайды.
ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР: Бедеуліктен емделу кезінде қандай әдістер қолданылады және болжамдары бар?
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН: Негізі емдеу бедеуліктің негізгі себептері мен емделушілердің денсаулық жағдайына, сондай-ақ емдеу әдісін таңдау шешіміне байланысты. Бедеуліктің белгіленген себептеріне байланысты емдеу тактикасы анықталады. Емдеу қабынуға қарсы, гормональды терапияны, операциялық емдеуді, гистероскопия мен лапороскопияны, сондай-ақ ұрпақты болудың қосалқы технологияларын (ҰҚТ – күйеуінің немесе донордың шәуетімен жасанды ұрықтандыру, ЭКО – экстракорпоралды ұрықтандыру) қамтуы мүмкін. Дегенмен қандай да емдел жоспары емделушімен бірге ақылдасып, кеңесу арқылы жүзеге асады.
Бедеулікті емдеу кезіндегі болжамдар жасағанда оның себептерін дұрыс диагностикалау, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың екеуінің де денсаулық жағдайын кешенді бағалау маңызды шарт болып табылатынын клиникалық тәжірибе айғақтайды. Бедеулікке әкеліп, репродуктивті функцияның бұзылуына себеп болатын патология әдетте ерекше көңіл бөлуді, білікті диагностика мен кешенді емдеуді қажет етеді. Тек осы жағдайда ғана жүктілік, бала көтеру, босану, босанудан кейінгі кезең барынша қолайлы жағдайда өтетін болады.
20-шы ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстандық медицинада бедеуліктің барлық түрлерін анықтап емдеу мүмкіндігі өте аз болды. 1995 жылы елімізде ең алғашқы экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы (ЭКО) ашылды. 1996 жылы Қазақстанда «ЭКО түтікше арқылы» бірінші бала дүние есігін ашты. Қазақстанда жүргізілген зерттеулер бедеулігі бар пациенттердің кемінде 30% ұрпақты болудың қосалқы технологияларын (ҰҚТ) пайдалануды қажет ететінін көрсетті.
ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР: Қазіргі заманауи медицина ҰҚТ-ның қандай әдістерін ұсынады?
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН: Мысал ретінде, көпжылдық жұмыстардың ретінде бірінші қазақстандық ЭКО орталығында 20 000-нан астам ерлі-зайыптылар ұрпақты болудың қосалқы технологиялары көмегімен бедеулікен арылу емін қабылдағаны белгілі. Орталықтың жұмысының тиімділігі 15 пайыздан 42 пайызға артқан. Орталықта ИКСИ (сперматозоидтың интрацитоплазмалық инъекциясы), эмбриондарды криоконсервациялау, жыныстық жасушалардың донорлығы, суррогат ана болу, ТЕSЕ (cперманы аталық ұрық безден экстракциялау), имплантация алдындағы диагностика, ИМСИ (6000 есе үлкейте отырып өмірге қабілетті сперматозоидты таңдау) бағдарламалары сәтті жүргізіліп келеді. Орталықта посткеңестік кеңістіктің аумағында алғаш рет трофоэктодерманы зерттеу бойынша эмбрионның генетикалық диагностикасы (ең заманауи және қауіпсіз зерттеу) жүргізіледі, қаіп факторы анықталған жағдайда жатыр қуысына отырғызу үшін генетикалық сау эмбрионды таңдауға мүмкіндік береді. Орталық ең үздік әлемдік өндірушілерден алынған заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде ЭКО орталығы репродуктивті медицина Институтының құрамына кіреді. Орталық қызметкерлері КАРМ (Қазақстандық репродуктивті медицина Қауымдастығының), ESHRE (еуропалық репродуктивті медицина мамандарының қауымдастығының) мүшелері болып табылады. 5000-нан астам дені сау бала орталық мамандарының табысты жұмыс істеуі салдарынан дүниеге келді, статистика деректері бойынша біздің елімізде 7000-нан астам бала ҰҚТ-ның көмегімен туылған екен. 2011 жылдан бастап орталық ҚР ДСМ квотасы бойынша бюджеттік бағдарламаларды орындап келеді. Жұмыс нәтижесі көп жағдайда дәрігер мен пациенттердің арасындағы өзара түсіністікке байланысты болып жатады. Бұл жерде бедеулікті жеңуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды дұрыс қабылдау өте маңызды. Тәжірибеге сүйенсек, емделушінің бедеулік проблемасы жөнінде, сондай-ақ оның диагностикасы мен емдеудің қазіргі әдістері туралы хабардар болуы – осының бәрі сенімділік пен оптимизм беріп, жақсы ем қабылдауға өз ықпалын тигізеді.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.
Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.
Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.