Үйдегі дәрі қобдишасы: оны қолданудағы жиі кездесетін қателіктер

translator жексенбі желтоқсан 8, 2019

05 12 2019

Үйде дәрі қобдишасы міндетті түрде болуы шарт, ол тіпті дені сау адамның өзіне де қажет. Өйткені күйіктен, жарақат алудан, құлаудан, жығылудан және суық тиюден ешкімнің де сақтандырылмағандығы сөзсіз. Өкінішке орай қобдишадағы дәрі-дәрмектерді қалай дұрыс жинап салуды көпшілік біле бермейді. Біз басты қателіктердің тізімін құрған болатынбыз. Егерде сіз осы қателіктердің тым құрығанда екі-үшеуін аңғарсаңыз, әлбетте оны түзетуге тырысыңыз.

Бірінші қателік – бұл жарамдылық мерзімі. Барлық медициналық дәрі-дәрмектердің қаптамасында міндетті түрде жарамдылық мерзімі көрсетіліп жазылады. Уақыты көрсетілген мерзімнен өткен дәрі-дәрмектерді қолдануға болмайды. Дегенмен аз ғана өзгешелік бар. Блистердегі таблеткаларды мерзімнің соңына дейін сақтауға және қолдануға болады, ал спрей және сұйықтық түріндегі препараттарды ашқаннан кейін өзінің қасиеттерін тез жоғалтады – олардың жарамдылық мерзімі тек құтының герметикалылығы бұзылғанға дейін ғана көрсетілген.

Екінші қателік – сақтау орны. Үйегі дәрі қобдишасын ас үйден немесе жуынатын бөлмеден жиі көреміз. Бұл екі жерде де сақтауға келмейтін орын. Біріншіден, ас үйде ас әзірлеген кездегі температура дәрі-дәрмектің сапалылығына әсер етуі әбден мүмкін. Екіншіден, тым жоғары ылғалдылық болуы мүмкін. Егер де сіз медициналық дәрі-дәрмектерді мұздатқышқа сақтағыңыз келсе, онда арнайы пластикалық қорапқа салып, оны мұздатқыштың жоғарғы сөресіне қойғаныңыз дұрысырақ. Мұздатқыштың есікшесінің жиі ашып жабылу кезіндегі температураның құбылуына байланысты ол жер қолайлы емес, ал төменгі сөреде тұрса балаларға қол жетімді. Сондықтан да ең қауіпсіз жолы үй дәрі-дәрмек қобдишасын шкафқа бөлек орында немесе дәлізде сақтағаныңыз дұрыс. Кішкентай сәбилердің де қолы жетпейтін жерге қоюды қадағалаңыз. Тіпті сіздің үйде балалар болмаса да, сізге қонаққа қызыққұмар баланың келуі әбден мүмкін ғой. Балалардың қабілетін жете бағаламау дұрыс емес!

Үшінші қателік – сақтау тәсілі. Кейде дәрі-дәрмек қобдишада орын үнемдеу үшін сыртындағы картон қаптамасын алып тастаймыз. Егер дәрі блистерде болса, оның қолданылуы мен сақтау мерзімін анықтауға болар, бірақ көбінесе дәрілер шашылған күйде сақталса ше? Есте сақтау қабілетіңізге үміт артпаңыз, таблетканың қандай түрі екенін анық білем деп. Таблеткалар бір-біріне ұқсас болады, сақтау мерзімі кейде көрінбей қалуы мүмкін. Сондықтан да бұл нұсқадан аулақ болыңыз. Сонымен қатар, шұғыл жағдайларда қобдишадағы ретсіздік тек қана кесірін тигізбек. Өйткені, оның басты мақсаты – дәрігер келгенге дейін жедел көмек көрсету.

Төртінші қателік – қобдишаның ішіндегісі. Мұнда «таяқтың екі ұшы» секілді екі шегі бар: не қобдишада тек қана дәке, мақта және жасыл дәрінің болуы, не болмаса жақын маңдағы дәріханадан кем түспейтін көптеген дәрілердің жиынтығын қамтиды. Әрине әрбір отбасының қажетті өзіндік міндетті тізімі бар. Барлығы әлдебіреудің дәрі-дәрмекті үнемі қабылдайтындығына, отбасында балалар, қарт адамдар, созылмалы аурулары бар адамдар бар-жоғына байланысты. Мұндай жағдайда дәрі-дәрмектерді түріне, қолдануына байланысты – қан қысымынан, бас ауруынан, асқазанның ауруларынан қолданатын дәрілерді, сондай-ақ арнайы препараттарды бөліп қойған жөн. Сол кезде керек дәрілерді дәр кезінде тез табуға қолайлы болады.

Бесінші қателік – қобдишаны тексеру. Сіз соңғы рет қашан дәрі қобдишасын тексердіңіз? Егерде бір жылдан көп болса, онда алаңдауға негіз бар. Дұрысы жарты жылда бір рет тексеріп тұрған абзал. Біз кейде медициналық дәрі-дәрмектердің тез жиналып қалғанын байқамай да қаламыз. Тіпті жарамдылық мерзімінің өтіп кеткенін немесе суық тигендегі қолданатын дәрінің бітіп қалғанын аңғармаймыз. Керек кезінде дәрі-дәрмектер қол астында болмай, ал ол кезде дәріханаға жүгіруге уақыт болмай қалатын жағдайлар орын алуы мүмкін.

Алтыншы қателік – дәрі-дәрмектерді жою кезінде. Дәрі-дәрмекті дұрыс жойған абзал. Кәріз жүйесіне ағызуға болмайды, өйткені дәрілердің бәрі суда ерімейді, ол қоршаған ортаға зиянын тигізуі мүмкін. Сол сияқты кәдімгі қоқыс жинайтын жәшіктерге шашылған күйінде тастауға болмайды, оны балалар немесе үй жануарлары теріп алуы неғайбіл. Өртеп жағуға тіптен болмайды. Ең дұрысы керек емес, мерзімі біткен дәрі-дәрмектерді бөлек қорапқа немесе көрінбейтін пакетке тиянақты салып, қоқысқа тастау керек. Айтпақшы, кейбір елдерде мерзімі өтіп кеткен дәрілерді жақын маңдағы ауруханаларға немесе емдеу мекемелеріне өткізеді, олар міндетті түрде сәйкесінше жояды.

Жетінші қателік – жарнаманың құрбандары. Кейде үй дәрі қобдишасы дабырлап жарнамаланған, таң қаларлық етіп барлық аурулардан жазатын дәрі дәрмектерге: суық тиюден және тұмаудан бастап ұмытшақтықтан арылтатын емдік дәрі-дәрмектерге дейін толып кетеді. Мұның бәрі құр босқа ақша шашу. Үй дәрі қобдишасын жинаған кезде емдеуші дәрігердің кеңесіне жүгінгеніңіз анағұрлым арзан, тіпті тиімді болмақ.

Сегізінші қателік – бұл таңатын (байлайтын) материалдар. Дәрі-дәрмектерге жиі көңіл бөле отырып, біз әрбір дәрі қобдишасында бинт, дәке немесе дәке салфеткалар, мақта, серпімді бинт, бір реттік қолғаптар, дәке маскалары болуы тиіс екенін ұмытып кетіп жатамыз. Бұл материалдың барлығы жарақат алған кезде қан тоқтату үшін лезде қолданылатынын, қол жетімді жерде болғаны, жарақатты таңуда уақыт алмау үшін өте қажет екенін білгеніміз жақсы.

Тоғызыншы қателік – медициналық құрылғылар. Әр үйде термометр мен тонометр болуы қажет. Кез келген адамда, тіпті сап-сау кісіде де кенеттен температурасы көтеріліп, қан қысымы төмендеуі немесе жоғарылауы мүмкін. Бұл құрылғыларды үнемі тексеріп отыру керек. Мысалға, кейінгі шыққан тонометрлер батареядан қуат алады. Олардың жарамдылығы шұғыл көмек көрсету кезінде шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Оныншы қателік – медициналық препараттарды дұрыс қолданбау. Кейбір медициналық препараттардың дәрілік әсерлері зор болғанықтан оларды дәрігердің тағайындауымен қолданған дұрыс. Кейде тіпті көпшілік таныстарының тәжірибесіне, жарнамаға немесе өзінің есте сақтау қабілетіне сүйенеді. Егер дәрігермен кеңесуге мүкіндік болмаса, онда медициналық анықтамалыққа назар салыңыз. Анықтамалықты, дәрілердің реттеп шыққаннан кейінгі тізіммен бір жерде, үй дәрі қобдишасымен бірге сақтағаныңыз дұрыс.

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.balaman.kz/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=81