«Бас жазудағы» жеті кеңес

translator дүйсенбі желтоқсан 23, 2019

27 12 2019

Егер сіз жаңа жылды ішімдікпен асыра тойлауды жоспарлған болсаңыз, онда ертеңінде унитазды құшақтап, «Құдайым-ау, бұл не үшін?» деп ренжіген кейіптегі отырысыңызға таң қалудың керегі жоқ. Әрине, бұл сіздің жеке таңдауыңыз, дегенмен әр нәрсенің салдары бар. Жалпы мастықтың салдарымен қалай күресу керектігі жөнінде ғылыми негізделген нақты ұсыныстар бар. Төмендегі жеті кеңеске құлақ асыңыз:

1. Суды көп ішуге тырысыңыз, тіпті соңғы рет татып жатқандай молынан ішіңіз

Түнгі маскүнемділіктен соң нашар сезінудің бір себебі алкогольдің көп мөлшері ағзаның «кеуіп» қалуына әкеп соқтыруында. Сондықтан да ешқандай шектеусіз сұйықты көп ішіңіз. Минералды су болса тіпті жақсы.

2. Тұздалған қияр мен банан тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі

Мастықтың салдарының физиологиялық көрінісі – натрий мен калий сияқты ағза үшін маңызды электролиттердің жоғалуы болып табылады. Сондықтан да тұздалған қияр (натрий көзі) және банан (калий көзі) теңгерімді қалпына келтіруге көмектеседі.

3. Тұздық – бұл «орыс рулеткасы» емес

«Бас жазуға» арналған дәстүрлі орыс рецептісімен жасалған тұздықтан ішіңіз. Жалпы тұздық – бұл қарапайым қоюланған тұз ерітіндісі. Ол ішімдіктен шайылған және жиі зәр шығарғанда жоғалған электролиттердің теңгерімін қалпына келтіруге көмектеседі.

4. Зімбір мен жалбыздан жасалған шөп шайы бас айналудан арылуға септік етеді

Тәжірибе көрсеткендей зімбір мен жалбыздан жасалған шөптік шай асқазан бұзылуларын енсеруге және бас айналғанда көмектесіп, тіпті көңіл-күйіңізді көтереді. Олар судың теңгерімін қалыптастырады және оларда маңызды электролиттер бар.

5. Аспиринмен кофе.

2011 жылы Томас Джефферсон университетінің ғалымдары кофеиннің аспиринмен бірге бас ауыруын азайтуға көмектесетінін көрсеткен болатын, сонымен қатар «бас жазуда» ағзаның сусыздануы орын алмағандығын байқаған еді. Мүмкін, бұл алкоголь токсиндерінің қабыну әсерінің төмендеуіне байланысты болар.

6. «Бас жазудан» бас тартыңыз

Су-тұз теңгерімін қалпына келтіргеннен соң, мастықтың салдарынан қалған белгілерді жою үшін физикалық жүктемелерге уақыт бөлгіңіз. Мысалы, жүгіру ағзада эндорфиндердің бөлінуіне, бас миындағы химиялық заттарды босатуға ықпал етеді, ал олар өз кезегінде көңіл-күйді жақсартады және тіпті бас ауыруын жеңілдетеді.

7. «Немен ауырсаң сонымен емдел» дегенді қою керек

Нені қолға алған болсаңыз да, ең бастысы ендігәрі ішімдік ішпегеніңіз жөн. Кейде «бас жазу» үшін бірнеше грамм арақ немесе бір саптыаяқ сыра жеңілдетеді деген дәстүрге айналған әбестік бар. Мүмкін бұл араққұмарлардың ойлап тапқандары шығар. Алайда, ойлап көріңізші, ағзада токсиндердің көп болуы сіздің өзіңізді сезінуіңізді қалай жақсартпақ?!

Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры.

Мақаланы аударып дайындаған Бағдат Сұлтанбек.

Басқа да пайдалы медициналық ақпараттарды anamed.kz сайтынан оқи аласыз.


Permalink: http://mail.balaman.kz/anamed/tiki-view_blog_post.php?postId=84